Ақтөбеде түзеу мекемелеріндегі бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов пен облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаевтың қатысуымен маңызды жиын өтті. Кездесуде пробациядағы азаматтарды жұмыспен қамту және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

Жиын барысында Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Алмас Салықбаев мекемелердегі өндірістік әлеуетке тоқталды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 14 наурызында ҚАЖ мекемелеріне арнайы жұмыс сапары ұйымдастырылып, кәсіпкерлердің жұмысына талдау жүргізілген.

«Бүгінгі таңда №8 мекеме аумағында 18 шағын бизнес субъектісі табысты жұмыс істеп тұр. Онда тігін өндірісі, жөндеу-механикалық цехы, темір-бетон бұйымдары және жиһаз құрастыру салалары басымдыққа ие. Біздің мақсатымыз — «Batys EcoPack» (полиэтилен пакеттер), «ZERE LLP» (ас үй губкалары) және «Жолаева» ЖК (сабын өндірісі) сияқты жобалар арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, сотталғандарды еңбекпен көбірек қамту», – деп атап өтті Алмас Салықбаев.

Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелері:

Гранттық қолдау: 2025 жылы гранттық қаржыландыру аясында 11 жоба қолдау тапты.
Инвестиция және серіктестік: 2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Alash engineering technology» ЖШС қазіргі уақытта ERG, «Восход Ориел» секілді ірі компаниялармен меморандумдар жасасуда. Бұл ірі тапсырыстарды мекеме ішінде орындау арқылы өндіріс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев өз сөзінде бизнес пен ҚАЖ арасындағы кооперацияны жаңа деңгейге шығару, өнім өткізу нарықтарын табу және мемлекеттік тапсырыстар аясында көмек көрсету қажеттігін қадап айтты.

Жиын қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдар бизнес өкілдерін ҚАЖ мекемелерінің инфрақұрылымын пайдалануға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы өндіріс ашуға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты кеңес беруге және қолдау көрсетуге ашық екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-industiya-innovatsiya/press/news/details/1192771?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді