
Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов Кубань мемлекеттік университетіне барып, оқу орнының басшылығымен және қазақстандық студенттермен кездесулер өткізді.
Университет ректоры Михаил Астаповпен өткен кездесу барысында Бас консул оқу орнының қызметі мен даму жоспарларымен, сондай-ақ студенттердің білім алу жағдайларымен танысты. Сонымен қатар, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Кубань университеті мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-білім беру саласындағы әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық танытып, оны белсенді түрде дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Университетте білім алып жатқан қазақстандық студенттермен өткен кездесуде Қ.Хасенов сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, оқу барысында білімдерін тереңдетіп, кәсіби дағдыларын дамытуға шақырды. Сонымен қатар, студенттерге Бас консулдықтың қызметі, консулдық есепке тіркелудің маңыздылығы және Ресей Федерациясының заңнамасын қатаң сақтау жөнінде ақпарат берілді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қазақстандық студенттерді толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.
Анықтама: Кубань мемлекеттік университеті – Ресейдің оңтүстігіндегі ең ірі әрі көне жоғары оқу орындарының бірі. 1920 жылы құрылған. Қазіргі уақытта университетте 30 000-нан астам студент білім алады, олардың қатарында 100-ден астам Қазақстан азаматы бар.
Университеттің әлемнің 80 жетекші жоғары оқу орнымен серіктестік байланысы бар, олардың қатарында Қазақстанның 8 жоғары оқу орны бар (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ.), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ.), Әлихан Бөкейханов университеті (Семей қ.), А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» акционерлік қоғамы (Шымкент қ.), Рудный индустриялық институты).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-astrakhan/press/news/details/1192738?lang=kk

Жауап қалдыру