
Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен халықаралық консалтингтік компания ұйымдастырған Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел болып өтті. Іс-шараға нарықтың кәсіби қатысушылары мен консалтингтік компанияның өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар интерактивті форматта сақтандыру секторының ағымдағы жай-күйін, негізгі сын-қатерлерді, сондай-ақ одан әрі дамудың басым міндеттері мен бағыттарын талқылады.
Басты тақырып Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың сақтандыру нарығының серпінді дамуын қамтамасыз ету, Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру болды.
Бағдарламаны әзірлеу барысында сақтандыру ұйымдарының ұсыныстары, Агенттіктің реттеушілік пайымы, сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен үздік практикалар ескеріледі.
Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов өзінің құттықтау сөзінде сақтандыру секторының тәуекелдерді басқару тетігі, әлеуметтік қорғау құралы және қаржы жүйесінің маңызды элементі ретіндегі ел экономикасында атқаратын маңызды рөлін атап өтті. Оның орнықтылығы қаржылық тұрақтылыққа, инвестициялық белсенділікке және азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
«Бағдарламаны табысты әзірлеудің негізгі шарты Қазақстанның сақтандыру нарығын дамытудың ұзақ мерзімді және теңгерімді пайымын қалыптастыру болып табылады, ол сақтандыру нарығының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және тиімділігін арттыруға бағытталады. Бұл ретте секторды дамыту қаржылық тұрақтылықты сақтау және жүйелік тәуекелдерге жол бермеу басымдығымен жүзеге асырылуға тиіс», – деп атап өтті Н.Тұрсынханов.
Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп әзірленген Әдіснама төрт негізгі бағытқа негізделген: инклюзивті нарықтық экожүйе (өнімдер, сұраныс пен ұсыныс, тарату арналары) қалыптастыру, келісілген нормативтік-құқықтық базаны және қадағалау практикасын дамыту, нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ сақтандыру секторын қаржы жүйесімен және экономиканың нақты секторымен ықпалдастыру.
Дөңгелек үстел барысында талқылаулар секторды дамыту үшін өзекті мәселелер мен кедергілерді анықтауға бағытталды. Кәсіби қатысушылармен сындарлы диалог 2030 жылға дейін бүкіл сектор үшін сапалы стратегиялық құжат әзірлеуге және қажетті заңнамалық негіздерді айқындауға мүмкіндік береді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1192792?lang=kk

Жауап қалдыру