
2026 жылы өңірде балаларға білім алу үшін жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырыла бастайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлімдеді.
Негізгі бағыттардың бірі — жаңа мектептер салу. Демеушілік қаражат есебінен Риддер қаласында 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, оффтейк-келісімшарттар аясында жалпы сыйымдылығы 550 орын болатын тағы алты мектеп салу жоспарланған. Бұл мақсатқа 5,75 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласы да дамиды: мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы өңірде 1000 орынға арналған төрт балабақша ашу жоспарлануда. Басқарма басшысының айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуға да ерекше көңіл бөлінеді.
2026 жылы 1,4 млрд теңге сомасына 42 білім беру нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, балалар үйлері, колледждер және қосымша білім беру ұйымдары бар.
Білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмайды. Өңірде жалпы сомасы 427,2 млн теңгеге 35 заманауи пәндік кабинет орнатылады. Олардың қатарында химия, физика, биология, сондай-ақ STEM және робототехника кабинеттері бар. Бұл білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1192152?lang=kk

Жауап қалдыру