
Облыс әкімінің орынбасары Д. Есдәулетовтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аталған жиынға комиссия мүшелері, тиісті басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдіктерінің өкілдері қатысып, мемлекеттік рәміздер саясатын жүзеге асыру бағытындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін ұлықтау, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес дұрыс әрі бірізді қолданылуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның қадір-қасиетін арттыру – елдік сана мен патриоттық рухты нығайтудың маңызды тетігі екені атап өтілді.
Сонымен қатар, отырыс барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай әзірленген «35 жылдыққа – 35 Ту тұғыр» атты облыстық тұжырымдаманы іске асыру шаралары жан-жақты талқыланды. Аталған жоба – өңірдегі патриоттық тәрбиені жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Жоба аясында кең жұртшылықтың және демеушілердің қолдауымен облыстың ауылдық елді мекендерінде Мемлекеттік Ту тұғырларын орнату жоспарлануда. Бұл бастама елді мекендердің келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың, әсіресе жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды талапқа сай қолдану бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-comdev/press/news/details/1192916?lang=kk

Жауап қалдыру