
Абай облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында бірнеше өзекті мәселе көтерілді.
Алғашқы мәселе – жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы.
Абай облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мейірбек Нұрекеновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жалғасып келеді.
– Жыл басынан бері жастар арасындағы қылмыс азайғанымен, олардың басым бөлігі мүліктік сипатта. Жастардың жұмыссыздығы мен әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ интернет арқылы таралатын есірткі қылмыстары негізгі қауіп факторлары болып отыр. Сондықтан профилактикалық жұмысты күшейтіп, жастарды жұмыспен қамту мен құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды, – деді ол.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – волонтерлік қозғалысты дамыту.
Абай облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев өңірде бұл бағыт жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгін облыста 43 ұйым мен бастамашыл топ жұмыс істеп, 5 мыңнан астам жас қамтылған. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен әлеуметтік және экологиялық жобалар бар. 2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы аясында «ERTIS VOLUNTEER FORUM–2026« өткізу жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – волонтерлікті тұрақты қоғамдық институт ретінде қалыптастыру, – деді басқарма басшысы.
Жиын барысында жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейтіп, мемлекеттік органдармен өзара жұмысты жетілдіру қажеттігін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/1193893?lang=kk

Жауап қалдыру