
Бүгін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, коммуналдық мекемелердің өкілдері, қалалық мәслихат төрағасы қатысты.
Мәжілісті бастамас бұрын шаһар басшысы коммуналдық салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Сәбит Құспанұлын мерейлі 75 жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен сапалы жұмысыңыздың арқасында қала тұрғындарын уақытылы жылу және ыссы сумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты түрде шешіліп келеді. Сондай-ақ қаламыздың өзекті мәселелерінің бірі – қысқы маусымға дайындық барысында жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу, оларды жаңарту және жылу қазандықтарын дер кезінде іске қосу бағытындағы жұмыстардың жоғары деңгейде орындалуына қосқан үлесіңіз зор. Осы мерейлі жасыңызда сізге сарқылмас қуат, зор денсаулық тілеймін, ұрпақ қызығына бөлене беріңіз, – деп ақ тілегін арнаған қала әкімі Шәкір Кейкінұлы мерейгердің иығына шапан жапты.
Жиын барысында қала тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде қалалық инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Әсіресе тұрғындарды толғандырып отырған жарық мәселесін оңтайландыру бағытында тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, халықты дер кезінде әрі нақты ақпараттандыру тетіктерін жетілдіру, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ тазалық мәселесі бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Олардың орындалуын жүйелі түрде бақылау қажеттігі атап өтілді.
Шаһар басшысы әрбір көтерілген мәселенің тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететініне ерекше тоқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1193085?lang=kk

Жауап қалдыру