
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Ақбасты ауылында болып, тұрғындармен кездесті.
Заманында теңіз жағалауын мекендеген ауылдың бүгінгі негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Жағалау елден алыстағанмен балықшы қауымның ұрпағы бейбіт елде табысты өмір кешуде.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы №22 орта мектеп ғимаратында тұрғындармен кездесіп, ауданда өткен жылы қолға алынған жұмыстар туралы баяндап, елдің ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады.
Кездесу барысында тұрғындар алдымен шалғай орналасуына қарамастан сапалы ауыз су жеткізуге күш салған азаматтарға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, мобильді интернетпен қамту мен жол мәселелері де талқыланды.
Аудан әкімі А.Оңғарбаев елдегі мәселелердің барлығынан хабардар екенін айтып, кездесуде ауылдағы ағайынның өтініштерін әрқашан назарда ұстайтынын, мүмкіндіктер шеңберінде шешім қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылы аудан бойынша 12,8 млрд теңге қаржыға 318 шақырым ауыз су желілері тартылды. Сол жобалардың бірі – Ақбасты ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қосамандағы су айдау насостық станциясынан 125 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл тұрғындары бүгінде таза су тұтынып отыр.
Сонымен қатар, Тоқабай, Ерімбетжа және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Келесі кезекте Абай ауылын да желіге қосылатын болады.
Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік жағдайды нығайтуға бағытталған нақты қадам болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1193136?lang=kk

Жауап қалдыру