
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен арнайы Инвестициялық кеңес өтті. Кеңесте еліміздің инвестициялық саясаты, инвестиция тартудың жаңа тәсілдері, инвесторлардың құқықтарын қорғау шаралары және инвестициялық омбудсменнің рөлі туралы мәселелері қаралды.
Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Зебешев Ардақ Темірханұлы, облыс прокуроры Ожаров Ризабек Кәрімұлы селекторлық режимде қатысты.
Кеңестен кейін облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен жиында өңірдің инвестициялық ахуалы, қолдау шаралары талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
2025 жылы өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілген болатын. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар есебінен 774,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 22,7%-ға немесе 143,1 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 558,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,9%-ға өсті. Жеке инвестициялардың үлесі – 72%.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026–2028 жылдары жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру және 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Биыл 100 млрд теңгеге жуық 21 жобаны іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, қуаттылығы 3,5 мың тонналық құс фабрикасы, 5,2 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, вагон жөндеу кешені және 50 МВт болатын 2 электр станциясы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар құны 753,3 млрд теңге болатын 14 ірі жобаның құрылысы басталады.
Өткен жылы кореялық With You E&C Qyzylorda компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен Rixos қонақүйінің құрылысы қолға алынды. Биыл «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі құны 17,3 млрд теңге болатын, жылына 1,1 млн тонна әк өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
Арал ауданында жылына 330 мың тонна кальциленген сода өндіретін зауыт құрылысы жобасын EPC (толық дайын шешіммен) шарты аясында іске асыру бойынша тендер қорытындысымен келісімге қол қою рәсімі өтті.
Сондай-ақ «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны бөтелке зауыты, испаниялық Roca Group компаниясының санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауыты құрылыстары жақын арада бастау алмақ.
Швейцариялық Harvest Agro компаниясының техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріп, қайта өңдейтін зауыты, сондай-ақ жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды.
Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясаты тұжырымдамасына сәйкес өңірде арнайы инвестициялық штаб құрылған. Өткен жылы штабтың 9 отырысы өткізіліп, 30 инвестициялық жоба бойынша қолдау шаралары қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kasipkerlik/press/news/details/1193672?lang=kk

Жауап қалдыру