
Mastercard халықаралық төлем жүйесінің талдау деректеріне сәйкес, ірі халықаралық іс-шаралар Алматыға деген туристік қызығушылық пен қаланың экономикалық белсенділігіне айтарлықтай ықпал етеді.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, 2025 жылы экономика жағынан тиімділігі мол үш ірі оқиға — FC Kairat пен Real Madrid CF арасындағы футбол матчы, сондай-ақ Jennifer Lopez пен Backstreet Boys концерттері болды.
Аталған іс-шаралар өткен кезеңде Mastercard халықаралық карталары бойынша транзакциялық белсенділіктің өскені тіркелді. Мәселен, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде шығындар көлемі іс-шараға дейінгі және кейінгі екі аптадағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 16%-ға артқан. Ал Jennifer Lopez концерті кезінде бұл өсім 11%-ды, ал Backstreet Boys концерті кезінде 3% болды.
Негізгі оқиғалардан бөлек, 2025 жылы Алматы туристер назарын өзге де ірі іс-шаралар арқылы аударды. Олардың қатарында Чемпиондар лигасы матчтары, Almaty Marathon, Almaty Open халықаралық теннис турнирі, Thirty Seconds to Mars тобының концерті, сондай-ақ Park Live фестивалі бар. Бұл фестивальге Robbie Williams пен Marilyn Manson секілді әлемдік жұлдыздар қатысты.
Сонымен қатар, талдау айқын фан-базасы бар іс-шаралардың жекелеген туристік сегменттерге әсері анағұрлым жоғары болуы мүмкін екенін көрсетті. Мысалы, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде Испанияда шығарылған Mastercard карталары бойынша транзакциялық белсенділік ерекше өскен. Бұл Real Madrid CF клубының жанкүйерлік базасымен байланысты. Аталған сегментте транзакциялар көлемі 81%-ға, ал белсенді карталар саны 25%-ға артқан.
Жалпы алғанда, Mastercard дерегінше, 2025 жылы Алматыда халықаралық деңгейдегі 11-ден астам ірі іс-шара өткізілген. Бұл қалаға деген туристік қызығушылықтың артуына және оқиғалық туризмнің дамуына оң әсер етті.
Сонымен бірге, 2026 жылы да оқиғалық туризмнің туристер санына айтарлықтай ықпалы болмақ. Алматыда халықаралық аудиторияны тартуға қабілетті бірқатар ауқымды іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында SOLΛNA фестивалі, Cirque du Soleil гастрольдері, Satisfaction Fest және Park Live музыкалық фестивальдері, сондай-ақ Jack White, Gorillaz, Ricky Martin, Natalie Imbruglia және Enrique Iglesias секілді әлемдік артистердің концерттері бар. Бұл іс-шаралар Алматыға келетін туристер санын арттырып, қаланың экономикалық белсенділігіне оң ықпал етеді деп болжанып отыр.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, оқиғалық туризмді дамыту — мегаполисті халықаралық деңгейде ілгерілетудің негізгі бағыттарының бірі. Ірі спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу туристер санының артуына, қаланың танымалдығының өсуіне және қала экономикасының дамуына ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1193290?lang=kk

Жауап қалдыру