
1 сәуір күні Талас аудандық орталықтандырылған кітапханасының «Coworking» залында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Талас ауданының құрметті азаматы Нарша Қашағанұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Халықтың сүйген баршасы – қазақтың еді Наршасы» атты еске алу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Тағылымы мол шараға аудан зиялылары, ақын-жазушылар, мәдениет қызметкерлері, жастар мен оқырмандар қатысып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне деген құрметтерін білдірді. Кеш барысында Нарша Қашағанұлының шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, оның қазақ поэзиясына қосқан елеулі үлесі, ұлттық рухты көтерудегі еңбегі ерекше аталып өтті.
Жиын барысында ақынның жүрек тербетер жырлары оқылып, қатысушылар оның терең ойлы туындылары арқылы ұлттық болмыс пен руханияттың биіктігін тағы бір мәрте сезінді. Сонымен қатар, ақынның өмір жолына қатысты тағылымды естеліктер айтылып, оның адами қасиеттері, қарапайымдылығы мен елге деген сүйіспеншілігі кеңінен сөз болды.
Кеш қонақтары Нарша Қашағанұлының шығармашылығының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтіп, оның мұрасы келешек буынға үлгі болатынын жеткізді. Мұндай рухани кездесулердің жастарға тәрбие беруде, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде алатын орны ерекше екені айтылды.
Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Ақын рухына тағзым етіліп, оның бай әдеби мұрасы тағы бір мәрте ұлықталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1193042?lang=kk

Жауап қалдыру