Аягөз ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар маңызды жоба іске асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, аудандық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Емелтау» автомобиль жолындағы көпірді жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Ақтоғай – Перешеек» жолында шұңқырлы жөндеу жүргізілсе, «Ақшаулы – Мыңбұлақ – Нарын – Шынқожа» бағытындағы жол орташа жөндеуден өтеді. Елді мекендер ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту үшін де нақты жұмыстар қолға алынған.
– Тарлаулы ауылындағы 5 көшені жөндеуге 264,9 млн теңге бөлінді. Қазір мердігер анықталып, жұмыс басталды. Қосағаш ауылында да көше жолдары жөнделеді. Бұл жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүріп жатыр, – деді Айбек Нұғымаров.
Аягөз қаласында да жол жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Дүйсенғазин, Дүйсенбергенов, Апрошкин, Манғазбаев, Оразхан және Құлсейітов көшелерін жөндеуге 168,9 млн теңге бөлініп, мердігер анықталған. Қазіргі таңда келісімшарт жасасу кезеңі жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, тағы екі ірі жоба жоспарланған.
– Мерей, Терлікбаева, Нұралинов, Байшашева, Шайханқари көшелері, сондай-ақ Гагарин, Аталықов, Барақ батыр-1 және Барақ батыр-2 көшелері жөнделеді, – деді спикер.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалын қолдау шаралары да қарастырылған. Аз қамтылған көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың жол ақысына шамамен 17 млн теңге бөлінді. Ал әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалды субсидиялауға 171,8 млн теңге қарастырылған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/1194048?lang=kk

Жауап қалдыру