«Jibek Joly» АЭА-да ірі индустриялық жобалар жүзеге асырылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі маңызды инвестициялық алаңдардың бірі – «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты.
Аталған аумақта Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге сәйкес өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда.

Жұмыс сапары кезінде «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС-нің сутегі асқын тотығын (пероксидін) өндіретін зауыттың құрылысына ерекше назар аударылды. Бүгінде мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталған, негізгі технологиялық жабдықтар толық орнатылған. Қазіргі кезде іске қосу-баптау жұмыстарына дайындық шаралары жүзеге асуда.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр және химия өнеркәсібін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.

Өндірілетін өнім химия, целлюлоза-қағаз, тоқыма салаларында, сондай-ақ өнеркәсіптік тазарту және су тазарту бағыттарында қолданылатын болады.
Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетіп, елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Yonggang Iron and Steel Group Co., Ltd» ЖШС-нің металлургиялық зауытының құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда прокат және құю цехтарының құрылысы жүруде. Сонымен бірге көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қатар пысықталуда.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы АЭА аумағындағы автоматтандырылған газ тарату станциясындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жұмыстар инвестор қаражаты есебінен жүруде, нысанның дайындық деңгейі 50%-ды құрайды.

Облыс әкімі «Jibek Joly» АЭА аумағында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өнеркәсіптің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға негізгі өндірістік нысандардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев ағаш отырғызу бойынша экологиялық акцияға қатысып, индустриялық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1194084?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді