
Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік: Жамбыл облысында мотокөлікке бақылау күшейтілді
Жамбыл облысында «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» тақырыбында ашық алаң кездесуі өтті. Іс-шараға Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев қатысып, кикшеринг компанияларының өкілдері, жеткізу қызметтері, мотоклуб мүшелері, сондай-ақ студенттер мен жас жол инспекторлары бас қосты.
Кездесуде жыл сайын өзекті мәселенің біріне айналған электросамокат, мопед және электрлі велосипедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары санының артуы ашық талқыланды.
Ашық алаңдағы сөзінде Бауыржан Жанаев заманауи көлік түрлерінің дамуы тек ыңғайлы инфрақұрылымды ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың жоғары жауапкершілігін де талап ететінін атап өтті.
— Бүгінде жолдарда электросамокаттар, мопедтер және электрлі велосипедтер жиі кездеседі. Өкінішке қарай, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының саны да артып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде облыста олардың қатысуымен 88 жол апаты тіркеліп, 10 адам қаза тауып, 103 адам жарақат алды. Бұл көрсеткіштер бізден нақты әрі бірлескен шешімдер қабылдауды талап етеді, — деді ол.
Диалог барысында кикшеринг қызметтерінің өкілдері самокаттарды тұраққа қою мәселесін көтерсе, мотоклуб мүшелері профилактикалық жұмыстарды күшейту және қауіпсіз жүргізу мәдениетін дамыту қажеттігін айтты.
Ал студенттер заң талаптары мен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке қатысты сұрақтарын ортаға салды.
Сонымен қатар, кездесуде «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасына ерекше назар аударылды. Аталған іс-шара аясында полицейлер 472 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесіп, 210 мопедті арнайы айыппұл тұрағына қойған. Бұл көрсеткіштер мәселенің ауқымын және жүйелі жұмыстың қажеттілігін айқын көрсетеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен профилактикалық іс-шаралар, ақпараттық науқандар мен оқыту жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде келісімге келді.
Жиынды қорытындылаған Бауыржан Жанаев жол қауіпсіздігі – тек полицияның ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1194030?lang=kk

Жауап қалдыру