
Алматыда «Қайрат» пен «Астана» командалары арасында матч өтіп, ол соңғы уақыттағы ең әсерлі спорттық оқиғалардың біріне айналды. Ойын басталған сәттен-ақ жанкүйерлердің қызу қолдауы байқалды: стадион лық толып, жанкүйерлер нағыз футбол мерекесінің көңіл күйін сезінді. Әр сәтке деген эмоция мен біртұтас қолдау мыңдаған жанды біріктірді.
Матч барысында экологиялық мәдениет пен жауапкершілік мәселесіне ерекше мән берілді. «Таза Қазақстан» бастамасы іс-шараның маңызды бөлігіне айналып, бұқаралық жиындар кезінде де қоршаған ортаны аялаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Матч біткесін стадионда тазалық жұмыстары қолға алынды. Еріктілер бірден іске кірісіп, тіпті кейбір жанкүйерлер өз еркімен тазалық жұмыстарына атсалысты. Бұл іс-шараның басты ерекшелігі еді. Көптеген көрермен де бей-жай қалмай, трибуналардағы қоқысты жинауға қол ұшын созып, жоғары азаматтық жауапкершілік танытты. Бірлескен еңбектің арқасында стадион аумағы қысқа мерзімде толық тазартылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоғамда оң көзқарас қалыптастырып, тазалық пен тәртіпке деген құрметті арттырады. Бұл матч тартысты ойынымен ғана емес, жанкүйерлердің ауызбіршілігімен де есте қалды. Олар командаға жанкүйер болу мен қала тазалығына қамқорлық жасаудың қатар жүре алатынын іс жүзінде дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1194407?lang=kk

Жауап қалдыру