
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Qolqanat» әлеуметтік жобасы аясында «Инклюзивті білім беру және нейроалуантүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасымен бірлесіп, Ақмола облыстық мәслихаты «Инклюзивті орта: аутизмді алдын-алу және кешенді қолдау көрсету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары, білім беру және денсаулық сақтау саласының сарапшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен ата-аналар қауымдастығы қатысып, инклюзивті білім беруді дамыту, нейроалуантүрлілікті қолдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
«Соңғы жылдары мұндай балалар санының тұрақты өсіп келе жатқанын байқаудамыз. Құрғақ статистиканың артында нақты тағдырлар, күнделікті еңбек пен қолдауға деген қажеттілік жатыр. Сондықтан бүгінгі кездесу – жүйелі шешімдер табуға және тиімді көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам», – деді облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов.
Қазіргі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады, оның 2 мыңнан астамы – мүгедектігі бар балалар. Мыңнан астам балада қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесу қиындықтары (аутизм) бар.
2020 жылдан бастап аутизмі және психосөйлеу дамуы тежелген балаларға әлеуметтік бейімдеу, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және түзету қолдау қызметтерін көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыс іске асырылып келеді. Қазіргі таңда ол 55 бала мен жасөспірімді қамтиды.
2025 жылы конкурс үш жылға жарияланды. Көкшетауда қызметті «Я сам шагаю» қоғамдық қоры (40 бала), ал Степногорск қаласында «Берекелі Әлем» қоғамдық қоры (15 бала) көрсетуде. Үш жыл ішінде кемінде 165 баланы қамту жоспарланып отыр.
Өткен жылдың соңында Көкшетауда аутизмі бар балаларға арналған күндізгі және тәулік бойы қызмет көрсететін қолдау орталығы ашылды. Қазіргі уақытта орталыққа 10 бала қатысуда.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде қозғалыс бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Қалиев Астана қаласындағы «Доктрина-Азия» клиникасын таныстырып, РАС бар балалардағы моторлық бұзылыстарды түзету және инклюзивті ортаны ұйымдастыру бойынша практикалық шеберлік сабақтарын өткізді.
Кездесу барысында көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, депутат Руслан Шамкенов ата-аналардың балаларды оңалту мәселелері бойынша ақпараттануының жеткіліксіздігін көтерді. Көп жағдайда ата-аналар неден бастау керектігін және қай бағытта жұмыс істеу қажет екенін білмейді.
Бұл бағытта тәжірибесі бар депутаттар Василий Шиманский мен Алтын Мұстафинова да өз ұсыныстарын білдірді. Арнайы мектеп-интернатының директоры Алтын Мұстафинова 1 айдан 1 жасқа дейінгі балаларды ерте диагностикалау үшін медицина қызметкерлерін белсендірек тартуды ұсынды.
«ШАНС» мүгедектерді оңалту орталығының директоры Василий Шиманский бизнес құрылымдарын ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерді қарапайым жұмыстарға тарту арқылы олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етуге шақырды. Ол бірнеше жылдан бері аутизмі бар балалармен жұмыс істеу жобаларын жүзеге асырып келеді.
Ақмола облысында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру Кеңесінің төрағасы Марат Ибраев қорытындылай келе, бизнес қауымдастықтың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды жөндеп, инклюзивті білім беру ұйымдарына беру мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді үлгісі болар еді.
Жалпы, іс-шара тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1194496?lang=kk

Жауап қалдыру