
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы білім беру ұйымдарының басшыларына арналған маңызды кездесу өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру жолдарын түсіндіру болды.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері білім беру мекемелері басшыларына мұндай келеңсіз жағдайлар анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмін жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, күмәнді жағдайларды дер кезінде анықтау, тиісті органдарға жедел хабарлау, оқушылармен және ата-аналармен профилактикалық жұмыстар жүргізу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары мен полиция қызметкерлері арасындағы өзара тығыз байланыс пен бірлескен іс-қимылдың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Іс-шара аясында интернет алаяқтықтың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды. Қатысушыларға қазіргі таңда кең таралған алаяқтық түрлері, олардың белгілері және одан қорғану жолдары туралы нақты мысалдар арқылы түсіндірме берілді. Әсіресе, белгісіз сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігі ескертілді.
Кездесу қорытындысында білім беру ұйымдарының басшыларына оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу ұсынылды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты түрлі қауіп-қатерлерден қорғауға және олардың саналы, жауапты азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1194401?lang=kk

Жауап қалдыру