Маңғыстауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтеді

Маңғыстауда 7-9 сәуір күндері қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Жомарт Қобланов айтты.

Спикердің айтуынша, чемпионатқа еліміздің 17 облысы мен үш қаласынан 750-ге жуық спортшы қатысады.

– Спорттық сайыс «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Салтанатты ашылу рәсімі 7 сәуір күні сағат 16:00-де өтеді. Спортшылар 18 салмақ дәрежесі бойынша өзара бақ сынайды. Жарысқа 50 төреші төрелік етіп, жеңімпаздаға 72 медаль табысталады, – деді Жомарт Қобланов.

Брифинг барысында қазақ күресі және дзюдо бойынша Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Жақсылық Меретжанов спорттық шараның маңызына тоқталып өтті.

– Бұл чемпионат – өңіріміз үшін маңызды спорттық оқиға. Жасөспірімдер арасында ұлттық спортты дамытуға, дарынды спортшыларды анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде ұлдар мен қыздар арасында І, ІІ және екі ІІІ орын иегерлері анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар мен дипломдармен марапатталады, – деді Жақсылық Меретжанов.

Маңғыстау облысы қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Қайрат Бурбасовтың айтуынша, спортшылардың дайындық деңгейі өте жоғары.

– Жарысқа қатысатын спортшылардың дайындық деңгейі жоғары. Біз барлық қатысушыларға қолайлы жағдай жасап, чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге күш салып отырмыз. Бұл дода жас балуандар үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ, – деді Қайрат Бурбасов.

Qazaq kuresi Ассоциациясының спорт менеджері Самырат Әбдірахман жарыс жеңімпаздары болашақта ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алатынын айтты.

– Чемпионат еліміздегі жасөспірімдер арасындағы маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі. Мұнда үздік шыққан спортшылар болашақта ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Спорттық іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Qazaq kuresi Ассоциациясы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қазақ күресі және дзюдо бойынша Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірлесіп ұйымдастырды, – деді Самырат Әбдірахман.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1194655?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді