Қарақия ауданында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы жіті бақылауда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Санат Төкенов жұмыс сапарымен Жетібай, Мұнайшы және Стансы Жетібай ауылдарына арнайы барып, аудандағы бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты.

Іссапардың негізгі мақсаты-ауылдардағы су тарату бекеттерінің жұмысын бақылау, сондай-ақ жаз мезгілі қарсаңында су резервуарларын дайындау және тазалау жұмыстарын пысықтау болды. Белгілі болғандай, аталған бағыттағы жұмыстар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ісінде айрықша маңызға ие.

Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары су нысандарындағы техникалық жағдайды қарап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, су сақтау резервуарларын уақтылы тазалау, жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынды.

Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Жетібай ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барып, онда жүргізіліп жатқан тазалау жұмыстарын бақылады. Қазіргі таңда полигон аумағын қоқыстан тазарту, ретке келтіру және санитарлық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар елді мекеннің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етпек.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Жетібай ауылында салынып жатқан қоғамдық кеңес ғимаратының құрылыс барысы да назардан тыс қалмады. Құрылыс алаңында жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі сараланып, мердігер ұйымдарға белгіленген кестеден кешікпеу қажеттігі ескертілді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1194682?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді