
Шығыс Қазақстан облысында оқушылар мен студенттер арасында «Мен – кәсіпкермін» байқауы өтуде. Бұған дейін дәл осы өңірде бастау алған жоба бүгінде үшінші жыл қатарынан республикалық деңгейде өткізіліп келеді.
Іс-шараны ШҚО Білім басқармасы, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан-Американдық еркін университеті және Өскемен экономика және техника колледжі ұйымдастырды.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Финал 20 сәуірде бизнес-идеяларды көпшілік алдында қорғау форматында өтеді.
Турнирге 14 пен 20 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері жеке немесе үш адамнан аспайтын команда құрамында қатыса алады. Әр қатысушыдан немесе командадан тек бір жоба қабылданады.
Қатысушылардың жұмыстары он бағыт бойынша бағаланады: әлеуметтік кәсіпкерлік; сауда; қонақ үй ісі және қоғамдық тамақтандыру; өндіріс, технологиялар және ауыл шаруашылығы; шоу-бизнес, мәдениет және өнер; дизайн және креативті индустриялар; білім беру, ақпарат және цифрлық технологиялар; медицина, денсаулық және сұлулық индустриясы; туризм; көлік және логистика.
Байқау қорытындысы бойынша әр бағыттың жеңімпаздары I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады.
Жеңімпаз мен жүлдегерлер Шығыс Қазақстан облысының атынан байқаудың республикалық кезеңінде өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 2024 жылы қатысушылар 2 орынды иеленсе, өткен жылы екі 3 орынды жеңіп алды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Асет Әділханның айтуынша, «Мен – кәсіпкермін» байқауы талантты жастарды анықтап қана қоймай, кәсіпкерлік ойлауды қалыптастырып, жобалық жұмыс дағдыларын дамытады және қатысушыларға бизнес өкілдерінің кәсіби бағасын алуға мүмкіндік береді.
Фотосурет: ШҚО КП
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1194555?lang=kk

Жауап қалдыру