
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті (ары қарай – Департамент) жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін жұмыскерлердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігі туралы хабардар етеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға және тиісті шарттың жасалғаны туралы мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік еңбек органына белгіленген тәртіппен жолдауға міндетті.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ЖОМС) – өндірістік жарақаттану немесе кәсіптік ауру салдарынан жұмыскердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге бағытталған әлеуметтік қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.
Осыған байланысты Департамент кәсіпкерлік субъектілеріне тиісті лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарымен жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын уақытылы жасасуды ұсынады.
ЖОМС шартын жасасу:
- сақтандыру жағдайы туындаған кезде жұмыскерлердің қаржылық қорғалуын қамтамасыз етеді;
- өтемақы төлемдеріне байланысты жұмыс берушінің қаржылық тәуекелдерін азайтады;
- кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін растайды;
- жұмыскерлер мен мемлекеттік органдар тарапынан сенім деңгейін арттырады.
Қолданыстағы ЖОМС шарты болған жағдайда жазатайым оқиға орын алғанда зардап шеккен жұмыскерге немесе оның асырауындағы адамдарға сақтандыру төлемдерін сақтандыру ұйымы жүзеге асырады, бұл жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін азайтатынын қосымша түсіндіреміз.
Әрбір жұмыскер еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырылуға құқылы. Сақтандыру шарты болмаған жағдайда жұмыскер жұмыс берушіден түсіндірме талап етуге немесе уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы.
Аталған ақпарат құқықтық мәдениетті арттыруға, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, қауіпсіз өндірістік ортаны дамытуға және еңбекті қорғауды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-enbek/press/news/details/1195031?lang=kk

Жауап қалдыру