
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуде.
Жұмыс барысында «Қорғау», «Ekin Patrol» жүйелері, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары секілді заманауи техникалық құралдар кеңінен қолданылуда. Олардың көмегімен қарсы бағыттағы жолаққа шығу, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және өзге де құқық бұзушылықтардың жолы кесілуде.
Қабылданып жатқан шаралар жүргізушілерді жазалау үшін емес, ең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталғанын атап өтеміз.
Мәселен, 6 сағаттық профилактикалық іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 73 дерегі анықталып, оның 35-і жол жиегімен қозғалу фактілері болған.
Сонымен қатар мотокөлік құралын басқарған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылып, оның заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият болуға және өзара құрмет танытуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1195325?lang=kk

Жауап қалдыру