
Өңірде мал шаруашылығын дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ет кластерін құру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Кластерді қалыптастыру орталығы Ерейментау ауданы болмақ.
Жобаны «Соколинки и К», «Торғай» және «Номад» серіктестіктері жүзеге асыруда, жиынтық қуаты 37 мыңнан астам ірі қара мал басын құрайды. Жоба 300-ге дейін фермер қожалықтарын құру арқылы фермерлік кооперацияны дамытуға көңіл бөлмек.
Жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңге, бүгінге дейін оның 5 млрд теңгесі салынған. Өңірге 4,4 мың бас аналық ірі қара мал әкелінді.
Басым бағыттардың бірі жоғары өнімді және өңірдің климаттық жағдайына бейімді қалмақ тұқымды ірі қара малын өсіру.
Құрылатын ет кластері асыл тұқымды мал шаруашылығын, фермер қожалықтарын және өнеркәсіптік бордақылауды бірыңғай жабық өндірістік тізбек аясында біріктіреді деп күтілуде. Бұл аграрлық секторда шағын және орта бизнестің тұрақты экожүйесін қалыптастыруға жол ашпақ.
Нәтижесінде 240 тұрақты және 500 маусымдық жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар жыл сайын 7 мың тоннаға дейін етті экспортқа шығару жоспарлануда, бұл бюджетке салық түрінде 1,3 млрд теңге түсімді қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1195747?lang=kk

Жауап қалдыру