
Алматы облысында Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовтың туғанына 55 жыл толуына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ер есімін ұлықтауға бағытталған жиынға Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланының №6654 әскери бөлімінің өкілдері, Алматы және Жетісу облыстарының МКҚБ қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Іс-шара аясында жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Капитан Байтасов» деректі фильмі көрсетіліп, «Капитан тағдыры» кітабы желісі бойынша оқушылар арасында блиц-сауалнама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін мектеп ұжымына ІІО ардагерлері атынан Алғыс хаттар табысталды.
Кездесу барысында батырдың тұлғалық болмысы, оның азамат ретінде қалыптасуына әсер еткен отбасылық тәрбие мен ұстаздарының рөлі кеңінен әңгімеленді. Қатысушылар ерлік иесінің жарқын бейнесін еске алып, батырлар рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жариялады.
– Бұл кездесу – ел тыныштығы жолында жанын қиған ерлердің есімін ұлықтау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті ведомствода.
Мұндай тағылымды іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ел қорғаған ерлердің ерлік жолын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1195340?lang=kk

Жауап қалдыру