
Маңғыстау облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа формат — сүзгілік бақылау бекеттері енгізілді.
Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және құқықбұзушылықтарды анықтау үшін жүзеге асырылуда.
Сүзгілік бақылау бекеттері — жолдың жүру бөлігін уақытша тарылту арқылы ұйымдастырылатын арнайы аймақтар. Мұндай тәсіл көлік ағынының жылдамдығын төмендетіп, жүргізушілерді іріктеп тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осындай бекет Ақтау–Бейнеу автожолының 144-шақырымында, Шетпе ауылы маңында жұмыс істеп тұр.
Бекеттерде патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілердің құжаттарын тексеріп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалайды, сондай-ақ профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Жоба Маңғыстау облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы мен Көлікті бақылау инспекциясы қызметкерлерінің бірлесуімен іске асырылуда.
Айта кету керек, мұндай тәжірибе басқа өңірлерде тиімділігін көрсеткен. Ол жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Полиция жүргізушілерді аталған шараларға түсіністікпен қарап, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
https://www.instagram.com/reel/DWzNTPSDYh_/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1195739?lang=kk

Жауап қалдыру