
4 сәуір күні Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған 8000-ға жуық тұрғын қатысты. Іс-шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.
Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Сенбілікке Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мұнай және құрылыс компанияларының өкілдері, экоеріктілер мен қала тұрғындары белсенді қатысты.
– Жалпы сенбілік облыс бойынша өтті. Тазалық жұмыстары 15-шағынаудандағы Амфитеатр аумағынан бастап 9-шағынауданда орналасқан «I Love Aktau» сәндік нысанына дейінгі аралықты қамтыды. Теңіз жағалауымен қатар, Қаракөл көлінің маңы да қоқыстан тазаланды. Аталған жұмысқа негізінен еріктілер жұмылдырылған. Олардың қатарында Жаңаөзен қаласынан арнайы келген 50-ге жуық экоерікті бар. Қалалық жағалауда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен еріктілер өз үлестерін қосты. Сенбілік барысында 600 тоннаға жуық қоқыс жиналып, 95 гектар аумақ тазартылды. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова.
Сенбілікке қатысқан белсенді ұжымдарға, еріктілерге және кішкентай эко-жанашырларға тәттілер мен жеміс-жидектерге толы себеттер табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1195464?lang=kk

Жауап қалдыру