
Облыс әкімдігінде елді мекендердің автокөлік пен көше жолдарын жөндеу және салу бойынша жиналыс өтті.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров облыстық маңызы бар жолдардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. 2026 жылы түрлі деңгейдегі бюджет қаражаты есебінен жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу және салу бойынша 31,5 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 332 км болатын 99 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 115 км жол қиыршықтас жабынынан асфальтбетон жабынына ауыстырылады.
Облыс әкімі Асайын Байханов жолдардың сапасы тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Қысқы кезеңнен кейін жолдардың жағдайын және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелеріндегі жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді өңір басшысы.
Облыстық автожолдар бойынша жалпы ұзындығы 25,6 км болатын 2 жобаға 2,8 млрд теңге қарастырылған: облыстық маңызы бар «Майқайың-Екібастұз» (0-23 км) бағытындағы жолға орташа жөндеу – 2,2 млрд теңге, «Панфилов-Бестөбе» (64–71 км) бағытындағы жолға орташа жөндеу – 581,2 млн теңге.
Аудандық жолдарда су тасқынына қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары аясында су өткізу құрылыстарын жабу және орнату бойынша жұмыстарды қоса алғанда, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс және Успен аудандарында 4,5 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 81 км 9 учаскені орташа жөндеу жоспарланған.
113 ауылдық елді мекеннің кіреберіс жолдарын жөндеу тапсырмасы аясында 2023-2025 жылдары жалпы ұзындығы 297 км болатын 91 жол жөнделді. 2026 жылы жалпы ұзындығы 21 км болатын 17 кіреберіс жолды жөндеу жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2026 жылы қалалық және ауылдық елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 204 км болатын 71 жобаны іске асыру жоспарланған. Павлодар қаласындағы Кривенко, Қайырбаев көшелері мен «Авиа қалашық» автожолында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Басым жобалардың бірі – Каз. Правда көшесі бойымен автожол салу (ағайынды Дүйсембиновтер көшесінен Жібек Жолы көшесіне дейін және Ломов көшесінен Каз. Правда көшесіне дейін). Бұл Ломов және Циолковский көшелеріндегі жүктемені азайтып, өнеркәсіп аймағымен байланысты жақсартады. Сондай-ақ «Достық» шағын ауданы арқылы трамвай желісін жүргізе отырып, Қамзин көшесіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Ауылдық елді мекендердің көшелерінде жалпы ұзындығы 69,3 км болатын 38 жоба жоспарланған. Жөндеу жұмыстары Павлодар және Екібастұз қалаларына қарасты ауылдарда, сондай-ақ Баянауыл, Железин, Ертіс, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандарында және Аққулы ауданында жүргізіледі. Оның ішінде 4 аудан орталығы – Железин, Ертіс, Успенка және Шарбақты ауылдарының көшелері қамтылады (1,4 млрд теңгеге 22 км).
Жолдарды қанағаттанарлық жағдайда ұстау үшін наурыз айынан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды: 147 мың м² аумақта шұңқырларды жөндеу, 126 мың метр жарықтарды бітеу, 4 мың жол белгісін орнату және 10 мың км жол таңбасын салу жұмыстары жүргізіледі.
Барлық жоспарланған шараларды іске асыру үшін 21 асфальтбетон зауыты, 11 қиыршықтас өндіретін карьер және 1 битум өндіру зауыты жұмыс істейді. 2026 жылы 26 мың тонна битум және 570 мың тонна қиыршықтас қажет болады.
Облыс әкімі қыс мезгілінен кейінгі жолдардың нақты жағдайын ескеріп, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру, әсіресе кіреберіс және ішкі жолдарға ерекше көңіл бөлу және барлық жұмыстардың сапасын бақылау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ сапаны бақылау аясында Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен келісім-шарт жасасу жұмыстарын жеделдету қажет деді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалына республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының аяқталуын және сапасын бақылауда ұстау, сондай-ақ жол-құрылыс маусымы басталғанға дейін конкурстық рәсімдерді аяқтау тапсырылды.
Жыл қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97% дейін жеткізу жоспарлануда (2025 жылы – 96%). Бұл өңір тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1195222?lang=kk

Жауап қалдыру