Қарағанды облысында өрт қауіпсіздігін 70 мобильді топ бақылайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында өрт қауіпсіздігін 70 мобильді топ қадағалайтын болады. Олардың құрамына азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілер кіреді. Өңірде 7 сәуірден бастап өрт қауіпті кезең басталды.

Мобильді топтардың негізгі міндеті — алдын алу жұмыстарын жүргізу, халықты ақпараттандыру және түсіндіру шараларын өткізу. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік хаттамалар рәсімделеді.

— Күн жылынған кезде тұрғындар жаппай табиғатқа шығып, мангал пайдаланып, демалады. Рейдтер барысында, соның ішінде саяжай учаскелерінде, шөп өртеу және өзге де құқық бұзушылықтар тіркелуде. Осындай жағдайда мобильді топтардың тиімділігі айқын көрінеді, — деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Елдос Зияда.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің базасында өрт қауіпті кезең бойы тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қауіп деңгейі жоғары аудандарда механикаландырылған патрульдер қойылып, орман алқаптарына күн сайын ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ерте анықтау жүйелері арқылы мониторинг жүргізіледі.

— Қарқаралыда шамамен 18 бейнекамера орнату жоспарланып отыр. Олар түтінді анықтайтын датчиктермен жабдықталған және операторға сигнал жібереді. Бұл өрт ошақтарын жедел анықтап, оларды жою бойынша шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өртті ерте анықтау және халықты хабардар ету үшін дрондар белсенді қолданылуда, — деп атап өтті спикер. — Бақылау ең алдымен қауіптілігі жоғары аймақтарда — орман және дала алқаптарында, сондай-ақ елді мекендер маңында жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, ТЖД бөлімшелері жоқ елді мекендерді қорғау мақсатында ТЖМ-нің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 2025 жылы 13 өрт сөндіру бекеті ашылды. Биыл тағы 18 нысан салу және 14 бекетті жаңғырту жоспарланған. Бұл 39 мыңнан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құтқарушылардың айтуынша, күштер мен құралдарды дайындау барлық жерде жүргізілуде.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар тұрмыста және табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады:

— отты және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарда, ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жағып, қараусыз қалдырмау;

— алғашқы өрт сөндіру құралдарын (су, құм, өрт сөндіргіш) дайындап қою;

— электр желілері мен тұрмыстық құрылғылардың жарамдылығын қадағалау, қолдан жасалған жылыту құралдарын пайдаланбау;

— өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1195448?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді