
Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушылары шахталарда, түтін басқан ғимараттарда және үйінділер астында жұмыс істей алатын іздеу роботының жобасын жасады. Ең бастысы — құрылғыға спутниктік байланыс немесе GPS жүйесі қажет емес.

Жоба қазірдің өзінде жоғары бағаланып отыр — A.C.T.I.V.E атты әзірлеме халықаралық олимпиадада бірінші орынды иеленді.
A.C.T.I.V.E — Local Pathing есептеу архитектурасына негізделген робот. Бұл жүйе спутниктік навигацияны қолданбай-ақ қысқа қашықтықтарда тиімді бағыттарды құруға мүмкіндік береді.

— Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — GPS те, дәстүрлі навигация да емес. Жүйенің басты ерекшелігі — роботтың спутниктік сигналсыз кеңістікте өздігінен бағдар таба алуы. Біз спутник қолжетімсіз жерлерде жұмыс істейміз: жабық ғимараттарда, шахталарда, түтінге толы нысандарда. Роботтың қондырмалары ауыстырмалы, сондықтан оны әртүрлі міндеттерге бейімдеуге болады — өнеркәсіптен бастап тау-кен металлургия саласына, сондай-ақ өрт кезіндегі құтқару операцияларына дейін, — деді жоба авторларының бірі Санжар Сәрсембаев.
Ол бұл жобаны Тарғын Файзулла және Арнұр Тоғамбаевпен бірге жүзеге асырған. Жұмыс өткен жылы басталған. Осы уақыт ішінде команда роботтың бірнеше конфигурациясын жасап, алгоритмдерін әзірлеп, платформасын құрастырып, оны жарыс деңгейіне дейін жеткізді.
Жүйелі еңбектің нәтижесі де айқын: Infomatrix Asia 2026 беделді халықаралық олимпиадасында A.C.T.I.V.E жобасы Hardware Control санаты бойынша бірінші орын алды.
Санжар үшін бұл жетістік Алматы энергетика және байланыс университетіне білім грантын жеңіп алуға жол ашты.
— Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамын — ол кәсіби даму үшін үлкен перспективалар ұсынады. Робототехника және IT саласында білім алуды жоспарлап отырмын. Болашақта автономды жүйелер мен роботтандырылған шешімдерді әзірлеумен айналысқым келеді. Қазақстанда бұл саланың әлеуеті жоғары, мен оның дамуына өз үлесімді қосқым келеді, — деді оқушы.
Команда қол жеткізген нәтижемен шектеліп қалмақ емес. Жоба авторлары іздеу роботын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, оны тек көрмелік үлгі ретінде емес, тікелей мақсатында — қолжетімділігі қиын аумақтарда адамдар мен нысандарды іздеуде пайдалануды көздеп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1195085?lang=kk

Жауап қалдыру