
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен Бесарық ауылындағы заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт кешенінде болды. Бұл кешенде ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған. Материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған.
Келесі нысан – Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулатория. 2023 жылы пайдалануға берілген медициналық мекемеде тұрғындарға сапалы қызмет, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, профилактикалық тексерулер және жоспарлы ем-шаралар жүргізіледі.
Ал аудандағы «Руханият орталығы» аға буын мен жастардың басын қосқан рухани-мәдени орынға айналған. Мұнда түрлі іс-шараларды өткізуге қолайлы орта қалыптасқан.
Кейінгі жылдары салынған тұрғын үйлердің жай-күйін де назардан тыс қалдырмаған облыс әкімінің бірінші орынбасары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын жақсарту, оларды тиімді пайдалану және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1195827?lang=kk

Жауап қалдыру