Мал ұрлығына жол жоқ: алдын алу, бақылау және жауапкершілік

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысында 2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Текелі қаласында жұмыс күшейтілген форматта жүргізілуде — полиция бөлімі қызметкерлері мен аумақтық инспекцияның бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылуда.

Іс-шараның негізгі мақсаты — республика көлемінде мал ұрлығының алдын алу, меншік иелерінің өз мүлкін сақтау жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуге алуды күшейту. Малдарды міндетті түрде сырғалау (таңбалау), ветеринарлық есепке қою және қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, малды заңсыз тасымалдау мен сатудың жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Іс шара аясында полиция қызметкерлері ветеринарлық мамандармен бірлесіп, аулаларды аралау жұмыстарын жүргізуде, қора-жайлар мен шаруашылықтарды тексеріп, халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары мен мал ұрлығының алдын алу үшін сақталуы тиіс шаралар жан-жақты түсіндірілуде.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, профилактика мал ұрлығына қарсы күрестегі негізгі құрал болып қала береді:

«Мал ұрлығы — бұл тек мүліктік шығын ғана емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына келетін елеулі соққы. Біздің міндет — мұндай қылмыстарды ашу ғана емес, олардың алдын алу. Бұл ретте меншік иелерінің жауапкершілігі маңызды: малды уақтылы тіркеу, сырғалау және бақылауда ұстау қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетеді», — деп атап өтті полиция өкілдері.

Өңір тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау, жайылымдарда және мал ұсталатын орындарда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады. Елді мекендер маңында күмәнді адамдар мен көліктердің пайда болуына ерекше назар аудару қажет.

Осындай деректер анықталған жағдайда, дереу полицияға хабарлау қажет. Тек құқық қорғау органдары мен азаматтардың бірлескен әрекеті ғана мал ұрлығына тиімді қарсы тұруға және ауылдық аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1196612?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді