
Қарағанды облысында 15 сәуірден бастап «Нерест» және «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциялары басталады. Осы кезеңде балық ресурстарын сақтау және олардың табиғи жолмен көбеюіне жағдай жасау мақсатында балықшылар үшін бірқатар шектеулер енгізіледі.
«Нерест» акциясы 30 маусымға дейін жалғасып, Нұра–Сарысу бассейнінің барлық аумағын қамтиды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Қарағанды облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Ерік Әбішевтің айтуынша, 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде келесі балық түрлерін аулауға тыйым салынады: торта, табан, алабұға, мөңке және шортан. Сонымен қатар барлық су айдындарында, оның ішінде Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бүкіл ұзындығында балық аулауға толық тыйым енгізіледі.
Қосымша түрде жекелеген балық түрлеріне қатысты тыйым мерзімдері белгіленген:
көксеркеге — 20 сәуірден 20 мамырға дейін;
сазанға (тұқыға) — 1 мамырдан 30 маусымға дейін.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген жаңа қағидаларға сәйкес, 1 мамыр мен 10 маусым аралығында Нұра–Сарысу бассейнінің барлық су айдындарында балық аулауға толық тыйым салынады. Қаныш Сәтбаев атындағы канал бойынша шектеулер 16 сәуірден 30 мамырға дейін енгізіледі.
Уылдырық шашу орындарында моторлы қайықтармен және өзге де жүзу құралдарымен қозғалуға тыйым салынады.
Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар қарастырылған.
15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өңірде «Таза су айдындары» акциясы өтеді. Оның қатысушылары су айдындарын тасталған ау мен қоқыстан тазартумен, сондай-ақ жағалау аумақтарын абаттандырумен айналысады.
— Уылдырық шашу кезеңінде шектеулер енгізу — биоалуантүрлілікті сақтау және балық қорын қалпына келтіру үшін қажетті шара. Тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамыз, — деді Ерік Әбішев.
Нұра–Сарысу бассейні аумағында жергілікті маңызы бар 195 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 2 су айдыны бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1196307?lang=kk

Жауап қалдыру