САРЫАҒАШ: ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІНЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ МҮМКІНДІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Сарыағаш ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің Кәсіпкерлік мектебінде аудан аумағындағы жылыжай иелеріне арналған жеңілдетілген несие алу және оны тиімді пайдалану бойынша кездесу өтті. Аталған шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, жылыжай шаруашылығының өңір экономикасындағы маңыздылығына және экологиялық талаптарды сақтау қажеттілігіне ерекше тоқталды. Кездесу барысында «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жеңілдетілген несиенің шарттары мен талаптарын кеңінен түсіндіріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
-Жылыжай шаруашылығы – Сарыағаш ауданының негізгі табыс көздерінің бірі. Сондықтан біз бұл саланы тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық талаптарға сай дамытуымыз қажет. Бүгін ұсынылып отырған жеңілдетілген несие – кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жылыжайлардағы пештерді жаңарту, заманауи сүзгі жүйелерін орнату арқылы қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуымыз керек. Бұл – уақыт талабы. Әрбір ауылдық округтегі шаруалар бұл қолдаудан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, түсіндіру шаралары күшейтілуі қажет, – деді өңір басшысы. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, жылыжай иелерін толық қамту және тұрақты түрде ақпараттандыру жұмыстарын ұйымдастыру жүктелді.
Айта кетсек, аталған несие жылыжайларда қолданылатын ескі пештерді жаңасына ауыстыруға және заманауи сүзгі (фильтр) жүйелерін орнатуға бағытталған. Бұл өз кезегінде экологиялық ахуалды жақсартып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1196776?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді