ТӘРТІП ПЕН ТАЗАЛЫҚ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және сәулеттік келбетін ретке келтіру мақсатында ауқымды рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Отырар ауданы орталығында арнайы жұмысшы топ мониторинг жүргізді. Топ құрамына әкімдік өкілдері, Төтенше жағдайлар бөлімі, СЭС, ішкі істер органдары мен прокуратура қызметкерлері енді.
Рейд барысында мамандар ауданның эстетикалық ажарына нұқсан келтіретін бірқатар олқылықтарды анықтады. Белгіленбеген орындарға қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тастау. арық арналарын ластау және заңсыз қоршаулар жүргізу, нысандардың сыртқы келбетінің эстетикалық талаптарға сай келмеуі секілді мәселелерге баса назар аударылды.
Базарлар мен сауда орындарының маңында өткен шара кезінде аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл кәсіп иелерімен және тұрғындармен кездесті. Ол әрбір азамат өзіне тиесілі нысанның тазалығына жауапты екенін қатаң ескертті.
Тексеріс нәтижесінде «Алмас» жанар-жағар май бекеті, «Жұлдыз» автобекеті, «Балақай», «Айгерім», «Береке», «Мереке», «Құрманкүл ана» сауда орындары, сондай-ақ «Shaulderzki» тамақтану орталығы мен «Zerde» дәріханасы сияқты бірнеше нысан иелеріне кемшіліктерді жою туралы ескерту берілді.
«Өз аумағын таза ұстау және ғимараттың сыртқы келбетін қалыпты жағдайда сақтау – әрбір кәсіпкердің міндеті. Бұл тек санитарлық талап емес, бұл – ауданымызға, қоршаған ортаға деген құрмет», – деді Қыдырбай Сейітқұл.
Аралау кезінде жұмысшы топ алдағы уақытта да тазалық талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап, ескертулерді ескерусіз қалдырған тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қолданылатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1196463?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді