
Алматы облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, тәртіпті нығайтуға және барлық жол қозғалысына қатысушылардың заң талаптарын бұлжытпай орындауына бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шара өткізуде.
Іс-шараға тек Алматы облысының ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де патрульдік полиция нарядтары тартылған. Көлік қозғалысы тығыз және халық көп шоғырланған аумақтарға ерекше назар аударылуда. Мұндай тәсіл жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік басқару, белгіленген жылдамдықты асыру, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану сияқты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесуде», – деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.
Осылайша, тек бір түннің ішінде Қарасай ауданында 9 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылып, 100-ге жуық түрлі жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталды.
Жүргізіліп жатқан жұмыс жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ құқықтық тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Полиция өкілдері «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тек бақылау ғана емес, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактика екенін атап өтуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1196388?lang=kk

Жауап қалдыру