
Абай облысы Полиция департаменті тарапынан жастар арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі мақсат — жас ұрпаққа ішкі істер органдарындағы қызметтің мәні мен маңызын таныстыру, олардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ елге қызмет ету идеясын дәріптеу.
Осы мақсатта Семей қаласындағы әскери-техникалық мектепте полиция қызметкерлерінің қатысуымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оқушылар мен курсанттарға құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері, полиция мамандығының қоғамдағы орны мен жауапкершілігі туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Кездесу кезінде ішкі істер органдарында қызмет атқарудың тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар, ведомстволық оқу орындарына түсу шарттары, оқу процесінің артықшылықтары, әлеуметтік кепілдіктер мен болашақ мансаптық мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар полиция қызметінің тек мамандық қана емес, жоғары жауапкершілікті, батылдықты, төзімділікті және Отанға адал қызмет етуді талап ететін абыройлы міндет екені ерекше атап өтілді.
Полиция өкілдері жастарға тәртіптілік, адалдық, принципшілдік, заңға құрмет және халыққа қалтқысыз қызмет ету секілді кәсіби әрі адами қасиеттердің маңызын жеткізді. Бүгінгі таңда ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет ету — үлкен сенім мен биік парыз екені айтылды.
Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Әсіресе болашақта құқық қорғау саласында қызмет еткісі келетін жастар үшін мұндай кездесудің маңызы зор болды.
Осындай тағылымды іс-шаралар жас буынның болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына, патриоттық рухының нығаюына, құқықтық мәдениетінің артуына және полиция қызметінің оң имиджінің қалыптасуына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1196802?lang=kk

Жауап қалдыру