
Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов Aitas холдингі басшылығымен кездесіп, алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
«7 жыл ішінде 70-тен астам жоба жүзеге асырылып, 9,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Макинск құс фабрикасы-нда 2,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, құс еті өндірісі жылына 90 мың тоннаға жетеді. Компания облыста орташа жалақы деңгейі бойынша көшбасшы», – деді холдингтің негізін қалаушы Серік Толықпаев.
Aitas meken foundation атқарушы директоры Фатима Герфанова әлеуметтік саланы дамыту жобаларына тоқталды. Атап айтқанда, Бұланды ауданы-нда NIS стандарты бойынша 2 мектеп, Google for Education мектебі салынды, тағы 19 мектеп жаңғыртылды.
«Біз «Бұланды – өмір сүруге қолайлы үй» тұжырымдамасын іске асыруға кірістік. Мұнда экономикалық өсім әлеуметтік орта мен экологиялық әл-ауқатпен тығыз байланысты. Білім беру жобаларымыз өңір шеңберінен шығып, республикалық деңгейде таралуда», – деді ол.
Тараптар компанияның әрі қарай дамуын, соның ішінде сүт-тауар фермасын ашу және инкубациялық жұмыртқа өндірісін іске қосу мәселелерін талқылады. Құны 47 млрд теңге болатын инвестициялық жоба Орталық Азиядағы ең ірі құс асыл тұқымды репродукторға айналмақ.
«Біз өңірдегі перспективалы жобаларды, әсіресе мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын қолдауға дайынбыз. Қазір облыста 400 мыңнан астам ірі қара мал бар, ұсақ мал басын арттыру бойынша да жақсы жобалар бар. Кәсіпорындардың әлеуетін пайдаланып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту қажет», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кездесу қорытындысында құс асыл тұқымды репродуктор жобасын жүзеге асыру аясында одан әрі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1197646?lang=kk

Жауап қалдыру