Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Кемеқалған ауылдық округінде тұрғындармен кездесіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылдың жоспарларын таныстырды. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол жөндеу, жарықтандыру, мектептерді кеңейту, спорт алаңшалары мен скверлер салу сияқты жобалар туралы толық ақпарат берілді.
2025 жылы аудан бюджетіне түсімдер 1 млрд 83 млн теңгеге артты, 41 жаңа заңды тұлға тіркелді. «Шымкентцемент» ЖШС Ақбастау және Алғабас елді мекендерінде спорт кешендерін салып, пайдалануға берді. Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталып, «Қарақия-Рабат» жолының 5,7 шақырымы мен Әңгірата елді мекеніндегі көшелер жөнделді. Қарақия мен Әңгіратада тротуарлар салынып, Абай елді мекенінде суағар орнатылды.
Жарықтандыру жұмыстары Қаратөбе, Ұйымшыл және Әңгірата елді мекендерінде толық аяқталды. Сонымен қатар, Әңгіратада балалар ойын алаңшалары орнатылып, «Қошқарата» каналының қабырғасына бетон құю жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету үшін МТЗ-82 тракторы мен Муравейник трицикл сатып алынды.
2026 жылға 10 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаға 745 млн теңге қарастырылған. Атап айтқанда, Абайдағы орта мектепке қосымша корпус салу, Абай мен Ақбастау елді мекендерінде ауыз су құбырларын салу, спорт алаңшалары мен мәдениет үйін жобалау, тас төсеу және «Анаға құрмет» скверін салу жоспарланған. Сонымен қатар, «Абай-Ұйымшыл» жолын жөндеу жұмыстары да жүзеге асырылатын болады.
Кездесу барысында тұрғындар электр жарығының үнемі сөніп қалуы, ауыз су тапшылығы, жол құрылысындағы кемшіліктер және мектептерді кеңейту қажеттігін атап өтті. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов барлық ұсыныстар ескерілетінін және олардың шешілуі үшін жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Бұл кездесулер мен жобалар ауданға инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шара болып отыр. Төлеби ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады.
Жауап қалдыру