
Сырттай проактивті куәландыру — бұл куәландыру немесе қайта куәландыру Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жеке бармай-ақ жүргізілетін формат. Шешім денсаулық сақтау ұйымдары енгізген және жүйеде бар медициналық деректер негізінде қабылданады.
Сырттай проактивті куәландыруға ағза функцияларының тұрақты бұзылыстары, тіршілік әрекетінің шектеулері бар, сондай-ақ бекітілген тізбеге кіретін аурулары бар азаматтар жатады. Олардың қатарына: қатерлі ісіктер, туберкулёз, цереброваскулярлық аурулардың салдары, психикалық аурулар, Даун ауруы, балалардағы 1 типті қант диабеті, балалардағы мукополисахаридоз, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, сондай-ақ басқа да жағдайлар кіреді. Аурулардың толық тізбесі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 15-қосымшасында көрсетілген.
Әлеуметтік кодекстің 155-бабына сәйкес, дербестендірілмеген медициналық құжаттар экстерриториялық қағидат бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы сарапшылар арасында бөлінеді. Құжаттар келіп түскеннен кейін шешім үш жұмыс күні ішінде сырттай қабылданады.
Қажет болған жағдайда азамат келесі жағдайларда медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне куәландыруға жіберілуі мүмкін: медициналық деректер жеткіліксіз болғанда, сарапшылар ортақ пікірге келмегенде, диагнозға немесе бұзылу дәрежесіне күмән болғанда.
Шешім қабылданғаннан кейін азаматқа SMS-хабарлама жіберіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-akmola/press/news/details/1197631?lang=kk

Жауап қалдыру