Қаржы вице-министрі Абай облысының халқымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Қаржы министрлігі өкілдерінің халықпен тұрақты түрде кездесуі мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара тиімді байланысты нығайтудың маңызды құралдарының бірі. Ашық диалог форматы қаржы саясатының негізгі бағыттарын, оның ішінде салық заңнамасы мен бюджет бағдарламаларындағы өзгерістерді түсіндірумен қатар қоғаммен кері байланыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл азаматтар мен бизнестің өзекті мәселелерін және қажеттіліктерін анықтап, мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.

Айталық, Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Абай облысының кәсіпкерлері және тұрғындарымен онлайн конференция форматында кездесті.

Ашық диалог барысында салық саясатындағы өзекті мәселелер, бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ кәсіпкерлер мен өңір тұрғындарына қатысты қордаланған проблемалар пысықталды.

Мәселен, Әсет Нұрланұлы Абай облысында мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдеріне байланысты 2025 жылғы жоспар 104,3% орындалғанын жеткізді. Осы ретте биылғы екі айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 169,7% жеткенін айта кеткен орынды. Аталған статистика өңірдегі экономикалық белсенділіктің оң серпінін және салық тәртібінің артқанын байқатады.

Халықты әлеуметтік қолдау шараларына да ерекше назар аударылған. Мысалы, былтыр облыста шамамен 38,4 мыңға жуық тұрғын көлік салығы мен мүлік салығы бойынша салық жеңілдіктерін пайдаланған. Салық сомасын өтеуден босатылған қаражаттың тұтастай мөлшері – 261,8 млн теңге.

Кездесуде мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясына ерекше мән берілді.

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметтің алдына экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллект технологияларын толық енгізу міндеті қойылған болатын.

Вице-министр ведомствоның басты цифрлы жобалары, атап айтқанда «СӘИЖ», SDF ақпарат жүйелері, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті, сондай-ақ e-Salyq Azamat және e-Salyq Business сынды мобильді қосымшалардың артықшылықтарын түсіндірді. Бұл озық шешімдер салықты басқару ісін жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Бүгінде Қаржы министрлігі жасанды интеллект элементтері бар цифрлы өнімдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл тиісті процестерді автоматтандырып, бюрократиялық кедергілерді азайтып, сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мен нақты уақыт режімінде салық міндеттемелерін бақылауға мүмкіндік береді.

«Аталған жобаларды іске асыру цифрлық мемлекет қағидаттарына сай келетін салықты басқарудың заманауи, клиентке бағдарланған жүйесін қалыптастыруға әсер етеді», деді Ә.Тұрысов.

Кездесу соңында Қаржы министрінің орынбасары абайлықтардың өзекті сұрақтарына жауап беріп, құзырлы органның қоғаммен ашық әрі өзара тиімді байланысты арттыруға бейіл екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-abay/press/news/details/1197113?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді