2026 жылы шегірткеге қарсы химиялық өңдеу көлемі 2,2 млн гектарды құрайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда биыл үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының болжамды көлемі 2,2 млн гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 500 мың гектарға аз. Оған мониторинг сапасының артуы, зиянкестер ошақтарын уақтылы анықтау және оларды жедел жою шараларының тиімділігін арттыру шаралары оң ықпал етті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инспекция комитеті мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жедел штабы отырысында зиянкестерге қарсы қорғау іс-шараларын жүргізу және шегірткелердің трансшекаралық көші-қонының алдын алу мәселелері қаралды.

Комитет төрағасы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, биылғы маусымда зерттеу әдістерін жаңғыртуға және мониторингтің дәлдігін арттыруға баса назар аударылады. Осы мақсатта қосымша 50 дрон сатып алынып, олардың жалпы саны 57-ге жеткізілді. Барлығы 3500 жұмылдырылған.

Сонымен қатар химиялық өңдеу қызметтерін орталықтандырылған сатып алу жүйесі енгізіліп, техниканың өнімділік нормалары оңтайландырылды және қолданылатын пестицидтердің тиімділігіне қойылатын талаптар күшейтілді.

Елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Жетісу облысында аумақтарды мониторингтеу жұмыстары жалғасуда. Ал солтүстік және батыс өңірлерде зерттеу жұмыстары топырақтың кебуіне қарай басталмақ.

Осы жылы сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы өңдеу көлемінің 1,17 млн гектары Ресей Федерациясымен шектесетін өңірлерге тиесілі. Олар: Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары. Осыған байланысты ТМД аясында және екіжақты келісімдер шеңберінде Ресей тарапымен тығыз өзара іс-қимыл жалғасады.

«Өткен жылы біздің қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде шекара маңындағы 1,26 млн гектар аумақ зерттеліп, зиянкестердің мемлекеттік шекара арқылы көшуіне жол берілмеді. Биыл 17 наурызда қол қойылған бірлескен іс-шаралар жоспары да фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Сәкен Қаныбеков.

Түркістан облысында өткен отырыс қорытындысында арнайы техниканың, пестицид қорларының және жедел штабтардың қорғау іс-шараларының белсенді кезеңін бастауға толық дайын екені нақтыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1198642?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді