
Бүгін, 10 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының энергетикалық инфрақұрылымын дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызды жобамен танысты. Жоба аясында қуаты 110/10 кВ болатын «ХАБ-1» қосалқы станциясы және оған іргелес электрмен жабдықтау желілері пайдалануға берілді.
Аталған жоба өңірдің электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қосалқы станцияның белгіленген қуаты 63 МВА-ны құрайды. Бұл өз кезегінде қаланың энергетикалық әлеуетін едәуір арттырып, өсіп келе жатқан жүктемені тиімді өтеуге мүмкіндік береді.
Жобаның іске қосылуы электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұған дейін Ақтау қаласында апаттық ажыратулар жиі тіркелген болса, жаңа нысан бұл көрсеткішті айтарлықтай төмендете алады.
– Аталған қосалқы станцияны іске қосу – өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Біз желілерді жаңғырту және қуат тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету – басты басымдық, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа қуат көздері жүктеменің ең жоғары кезеңдерінде электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етіп, ажыратулар қаупін барынша азайтады. Нәтижесінде 18, 18А, 19, 19А, 20, 20А және 36-42 шағынаудандар сенімді электрмен жабдықтау жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар жоба аясында шамамен 270 шақырым электр желілері тартылып, қаланың инженерлік инфрақұрылымы едәуір күшейтілді.
«ХАБ-1» қосалқы станциясын іске қосу Ақтау қаласының энергетикалық кешенін жаңғыртудың маңызды кезеңі болып саналады және Маңғыстау облысын дамытудың стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1198697?lang=kk

Жауап қалдыру