
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жұмыс берушілердің назарын қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қажеттілігіне аударады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл механизм өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру салдарынан қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге мүмкіндік беретін әлеуметтік қорғаудың маңызды шарасы болып табылады.
Міндетті сақтандыру шарты жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымы арасында қызметкердің пайдасына жазбаша түрде жасалады. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде сақтандыру төлемдері тікелей қызметкерге немесе оның асырауындағы адамдарға төленеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті бекіткен 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент тарапынан кәсіпорындарды міндетті сақтандырумен қамтуды арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 9 сәуіріндегі жағдай бойынша облыстағы 4 159 белсенді кәсіпорын міндетті сақтандыру шарттарын жасаған.
Міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Сақтандыру шартын уақтылы жасау қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылуының алдын алады
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1197819?lang=kk

Жауап қалдыру