ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА: ҚОҒАЛЫДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
🇰🇿Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қоғалы ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды.
 
↪️ Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы өткен жылдың қазан айында өткен кездесуде көтерілген 12 мәселенің 10-ы толық шешімін тапқанын атап өтті. Қалған екі мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, «Ұзын» каналын механикалық тазалау жұмыстары көктем айларында жүргізіледі. Сонымен қатар Ұзынарық пен Диханкөл елді мекендерін байланыстыратын жол бойына жаяу жүргіншілерге арналған тротуар мен түнгі жарық шамдарын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті мекемелерге ұсынылды.
 
↪️ Қоғалы ауылдық округінде 2025 жылы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Диханкөл елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ұзынарық елді мекеніндегі «Жеңіс» саябағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, округ әкімдігі аппараты ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар сатып алынды.
 
↪️ 2026 жылға жоспарланған жобалар қатарында Диханкөл елді мекенінің бас жоспарын әзірлеу, «Анаға құрмет» аллеясын салу және Жаңғақты бұлағын каптаждау арқылы Ұзынарық елді мекеніне қосымша ауыз су құбырын тарту жұмыстары бар.
 
📍 Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жол кедергілерін орнату, бейнебақылау камераларын орнатуда талаптарды сақтау, ағын су мәселесін шешу, Диханкөл елді мекеніне оқушыларды тасымалдау үшін жаңа автобус бөлу, ауыз су мәселесін реттеу, Алшалы елді мекеніндегі көпірді жөндеу, балабақшаны кеңейту, мал жайылымын ұлғайту, инвестициялық мүмкіндіктерді дамыту және кәсіпкерлікке қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Сонымен қатар спорт кешенінің құрылысын жүргізу және Диханкөл–Қасқасу бағытындағы көпірді жөндеу туралы ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, кезең-кезеңімен шешімін табады.
 
⚜️ Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар тұрғындарды ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуге шақырып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1198789?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді