Жетісу облысының полициясы жеке сипаттағы мәліметтерді таратамын деп қорқыту арқылы ақша бопсалау дерегін тоқтатты.
Анықталғандай, Ескелді ауданының 22 жастағы тұрғыны жәбірленушімен жеке қарым-қатынаста болған, кейін бұл қатынас тоқтатылған. Біраз уақыт өткен соң, күдіктінің заңсыз баюға бағытталған қылмыстық ниеті пайда болған.
Қылмысты жасау тәсілі – қарым-қатынас барысында алынған жеке ақпаратты пайдалану. Күдікті мессенджер арқылы жәбірленушінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, хабарламалар жіберген.
Кейін психологиялық қысымды күшейту мақсатында «құпиялылық туралы келісім» түрінде рәсімделген құжат жолдап, үшінші тұлғаның шотына 25 миллион теңге аударуды талап еткен. Жәбірленуші бұл соманы төлеу мүмкін еместігін айтқанына қарамастан, талаптар жалғасып, сома төмендетілмеген.
Қорқыту салдарынан жәбірленуші 200 мың теңгені аударуға мәжбүр болған.
Аталған дерек бойынша полиция аса ірі мөлшерде мүлікті иемдену мақсатында жасалған бопсалау белгілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Күдікті қамауға алынды.
Полиция ескертеді: кез келген қысым көрсету, қорқыту немесе бопсалау, оның ішінде цифрлық кеңістікте де, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1198743?lang=kk

Жауап қалдыру