
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жұмыс сапары барысында қаланың бірқатар медициналық ұйымдарын аралап, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғырту және дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сапар нысандарының бірі жуырда жөндеу жұмыстары аяқталған №23 қалалық емхана болды. Тексеру барысында жаңартылған қабылдау кабинеттері, диагностикалық және процедуралық бөлмелер, сондай-ақ пациенттерге арналған күту аймақтары таныстырылды.
Ерекше назар жайлы жағдай жасауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және заманауи санитарлық талаптарды сақтауға аударылды. Жөндеу қорытындысы бойынша ұйымның материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарып, инфрақұрылымы жаңартылды және пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар жасалды.
Марат Пашимов оң өзгерістерді атап өтіп, емханаларды жаңғырту медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ пациенттердің қанағаттану деңгейіне тікелей әсер ететінін ерекше айтты.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында ҚДСБ басшысы Бостандық ауданындағы 42 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін №7 қалалық емханаға барды. Сапар барысында ол мекеменің перспективалық даму жоспарымен танысты.
1976 жылы жеке жоба бойынша салынған емхана ғимараты бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірыңғай стандарттарға сәйкес жаңғырту бағдарламасын іске асыру аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Қаланың медициналық ұйымдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда және ол заманауи, жайлы әрі пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1198981?lang=kk

Жауап қалдыру