Жамбыл облысында «Мөлдір бұлақ» акциясы жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Жамбыл облысының Жамбыл және Сарысу аудандарында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.

Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, бұлақтар мен өзен-көлдерді қоқыстан тазарту, сондай-ақ жастардың бойында табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сарысу ауданындағы шара Түркістан ауылдық округіне қарасты «Көсегенің көк жоны» аумағында ұйымдастырылды. Тазалық акциясына аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, этнос өкілдері мен жастар қатысты. Қатысушылар алдымен «Қамыр әулие» кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштады.

Аудан әкімі сөз сөйлеп, табиғатты қорғауға бағытталған мұндай игі шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Акция барысында қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп, тал көшеттерін отырғызды.

Ал Жамбыл ауданында экологиялық акция Айшабибі ауылдық округіне қарасты Әулиекөл аумағында өтті. Іс-шара барысында бұлақ көзі ашылып, тазартылып, айналасы абаттандырылды, сондай-ақ ағаш көшеттері отырғызылды.

Аталған аумақта бұрын 11 бұлақ көзі болған. Соның бірі қайта ашылып, ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл бастама өңірді көгалдандыруға және төрт түліктің жайылымын жақсартуға оң ықпал етеді.

Табиғатты қорғауға бағытталған шараға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Мұқашев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, ақсақалдар мен ерікті жастар белсенді қатысты.

– Осындай экологиялық шараларға қатысу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Табиғатты таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Бүгінгі бастама – болашаққа жасалған маңызды қадам, – деді белсенді жас Жақсылық Гаухарбек.

Сонымен қатар, Жуалы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Аудан тұрғындары Шерхан Мұртаза атындағы саябақта, Жастар саябағында және Талапты ауылында көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізді.

Ауданда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Көктемгі көріктендіру, көгалдандыру және тазалық шараларының жоспары бекітіліп, барлық ауылдық округтерде әр аптаның сенбі күні сенбіліктер тұрақты түрде өткізілуде.

Биылғы жылдың басынан бері Жуалы ауданында 7 ірі тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, елді мекендердегі арық жүйелері тазартылды, 460 тонна қоқыс шығарылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы игілікті істер облыс орталығы мен аудандарда жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1199029?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді