
Aудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кентіндегі «Орын-ай», «Болашақ», «Арзан» сынды орталық базарлар, сауда орындарын және Әйтеке би көшесінің бойындағы кәсіпікерлік нысандарды аралады.
Аудан басшысы базар әкімшіліктеріне сауда орындарының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, ішкі-сыртқы аумақтарын абаттандыру, барлық талаптарға сәйкестігін сақтау қажеттігін айтып, сатушылар мен келушілерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс екендігін ескертті.
Аралау барысында бұл орындардың халық көп шоғырланатын аумақ екенін ескере отырып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысына өрт қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауды, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сауда орындарының тазалығына ерекше мән беруді тапсырды.
Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне базар маңындағы орталық көшелердегі көлік қозғалысын реттеу жүктелсе, Әйтеке би кентінің әкімі мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына кәсіпкерлермен бірлесіп, тозығы жеткен жарнама тақтайшаларын жаңарту, сауда орындарының сыртқы келбетін ретке келтіру, базар аумағында әктеу, сырлау, дүкендердің сыртқы әйнектерін тазалау, жалпы базар маңындағы орталық Әйтеке би көшесінің бойындағы тазалықты қамтамасыз ету міндеттелді.
Әйтеке би көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйлердің заңсыз қоршауларын алып тастау, көше бойындағы аялдамаларды жуу, аяқсу жүретін арықтарды күнделікті тазалау жөнінде де жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берілді.
Орталық базарды аралаған аудан басшысы бұл орындар аудан тұрғындарынан бөлек, көршілес аудандардың тұрғындарымен қонақтардың жиі келетін орыны болғандықтан, мұнда барлық санитарлық талаптар, тазалық мәселелері қатаң сақталуы керектігін тиісті сала басшыларына қатаң ескертті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly/press/news/details/1200005?lang=kk

Жауап қалдыру