Биыл жазда Семейде алғаш рет 40 мыңнан астам тұрғынға ыстық су беріле бастайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Семей қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Облыс әкімі Берік Уәли былтыр Семей қаласы тұрғындарын жаз кезінде ыстық сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдары қарастырылатынын айтқан болатын.

Аймақ басшысының бастамасымен бұл мәселе мұқият зерделеніп, тиісті талдау жүргізіліп, облыс орталығында ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған проблеманы шешудің нақты жолдары анықталып, белгіленді. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Былтыр жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңге 23 жылу орталықтары мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді.

«Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында жылыту маусымына дайындық аясында республикалық бюджет пен Үкімет резервінен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде облыс орталығына – 6 млрд теңге, Аягөз қаласына – 1 млрд  теңге бағытталды. Семей қаласын жылумен үздіксіз қамту мақсатында 12 жылу көзіне ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қазандықтарды ауыстыру, жөндеу және тозған жабдықтарды жаңарту жүзеге асырылды. 13,6 шақырым тозған жылу желілері толық ауыстырылып, қайта жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл алғаш рет Семей қаласын жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз етуді қолға алып отырмыз. Мұндай жұмыс облыс орталығында бұрын-соңды қолға алынған жоқ. Жылу желілерін жаңғырту және ыстық сумен қамту деңгейін арттыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді Берік Уәли.

Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев пен Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов түсіндіріп, айтып берді.

Қалада биылғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін тұрғындарға ыстық су беру кезең-кезеңімен бірнеше жылу көздері арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, сол жағалауда ЖЭО-1 арқылы 252 көпқабатты тұрғын үй, оң жағалауда Ғаббасов қазандығынан – 186 үй, «МЭН» қазандығынан – 43 үй, ал РК-3 арқылы 120 тұрғын үй ыстық сумен қамтылады.

Бүгінде Семей қаласында 1588 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1317-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта 697 тұрғын үйде ыстық сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді. Жазғы кезеңде 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй, яғни, 40 мыңнан астам абонент ыстық сумен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар ішкі кварталдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстарына байланысты 96 көпқабатты тұрғын үйде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қызмет толық қалпына келтіріледі. Қалада әлі 620 тұрғын үйде ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ. Бұл бағытта облыс әкімінің тапсырмасымен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1200069?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді