
Абай облысында Абай облысының аумағында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған «Мал ұрлығына жол жоқ» атты республикалық профилактикалық іс-шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған бастаманың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру болып табылады.
Іс-шара аясында құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мал иелері арасында түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын сақтау, оларды қараусыз қалдырмау және қауіпсіздікті күшейту қажеттілігі кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығы атап өтіліп, GPS-бақылау құралдарын қолдану арқылы мал қозғалысын тұрақты қадағалау мүмкіндіктері түсіндірілуде.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар нақты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, мал иелерінің қатысуымен 3468 рет аралау жұмыстары жүргізілді. Базарлар мен өзге де сауда орындарында 235 рейд ұйымдастырылып, заңсыз мал өнімдерінің айналымының алдын алу бағытында тексерулер күшейтілді. Сонымен қатар, 1616 ауыл шаруашылығы жануары жеке сәйкестендіруден өткізіліп, олардың есебі жүйелендірілді. Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында 2191 мал басына GPS-бақылау құралдары орнатылғаны анықталды, бұл олардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беруде.
Іс-шара барысында малды міндетті сәйкестендірудің маңыздылығына ерекше назар аударылуда. Сондай-ақ, мал иелері, бақташылар және жергілікті атқарушы органдар арасында үшжақты шарттар жасасу тәртібі түсіндіріліп, жауапкершілікті бөлісу тетіктері айқындалуда. Бұл тәсіл малдың бақылаусыз жайылуын болдырмауға, есеп жүргізуді жетілдіруге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Абай облысының полициясы азаматтарды өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мал басын уақтылы есепке алу, сәйкестендіру, белгілеу және заманауи бақылау құралдарын пайдалану – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Тек бірлескен және жүйелі профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ғана мал ұрлығының жолын кесіп, ауыл тұрғындарының тыныштығы мен әл-ауқатын қорғауға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1199967?lang=kk

Жауап қалдыру